Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны өсуде – Тамара Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артып барады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны өсуде – Тамара Дүйсенова
«2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе артып, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай пандемия және әлемдік экономикалық қиындықтарға байланысты туындап отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, 2000 жылдардан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Қазір олар ер жетіп, еңбек нарығына қосылып отыр.

«Сол себепті, алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейді. Бұл өзгерістер жұмыссыздықтың, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықтың артуына жол бермеу үшін кешенді іс-шаралар қабылдауды талап етеді», - деді Тамара Дүйсенова.