Елімізде «Өзіңді және өз жақындарыңды қорға! Екпе жасат!» ұранымен еуропалық иммунизациялау апталығы өтеді
Бұл жайында бүгін Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы директорының орынбасары Татьяна Слажнева арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Т. Слажневаның айтуынша, 2005 жылдан бастап, ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының, ББҰ Балалар қорының бастамасы бойынша, еуропалық иммунизациялау апталығы өткізіліп келеді. Ал Қазақстан Еуропаның басқа елдерімен бірге 2006 жылдан бастап осындай іс-шараларға белсенді қатысуда екен. «Ондағы негізгі мақсат - тұрғындарға иммунизациялаудың маңызы мен пайдасы туралы көбірек ақпарат беру, халықты вакциналаумен қамту деңгейін арттыру», -дейді Т. Слажнева.
Аталған апталық аясында елімізде дөңгелек үстелдер, ақпараттық парақшалар әзірлеу, тарату, кездесулер мен сұхбаттар өткізу қарастырылған. Сонымен қатар апта ішінде республикадағы денсаулық сақтау мекемелерінде жедел байланыс желілері, сенім телефондары жұмыс істейтін болады.