Елімізде ПТР-тест өндірісі тәулігіне 28 мың данаға жеткізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылдың мамыр айының ортасында коронавирус инфекциясы бойынша ПТР-тестілеу көлемінің өндірісі тәулігіне 28 мыңға дейін өседі. Бұл туралы Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде ПТР-тест өндірісі тәулігіне 28 мың данаға жеткізілмек

«Қазіргі таңда бізде рекордтық деңгейде – тәулігіне 15 мың ПТР-тест шығарылып жатыр. Біз мамыр айының ортасына дейін тестілеу санын тәулігіне 28 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Алайда мұның бәрі тестілеу қажеттігіне байланысты болады», - деді Арнұр Нұртаев Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында сөйлеген сөзінде.

Орталық басшысының айтуына қарағанда қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңға тара ПТР-тест сатылып алынып қойған.

«Бүгінгі күні Қазақстан COVID-19 диагностикасы бойынша ПТР тест-жүйесін пайдаланып келеді. Олар ірі қытайлық өндірушіден сатылып алынады. Тесттердің сақталу мерзімі ДДСҰ талаптарына сай. Атап айтқанда тест-жүйелерді пайдалану үшін біз оларды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тесттермен салыстырып көрдік. Тест-жүйелердің сапасы жақсы екеніне көзіміз жеткеннен кейін оны қолдан бастадық. Олар 99 пайыздық деңгейде нәтижені көрсетті», - деді Арнұр Нұртаев.

Сонымен қатар ол ПТР-әдістеме мен экспресс-тесттердің айырмашылығын түсіну керектігін айтып өтті.

«ПТР-тесттер вирустың бар-жоғын анықтайды. Ал экспрес-тесттер ағзада вирусқа қарсы антидененің бар-жоғын айқындап береді. Адамның ағзасында антидене ауырып болғаннан кейін пайда болады. Экспрес-тесттер ауруды өткергеннен кейінгі диагностикада қолданылады. COVID-19 диагностикасына экспрес-тесттер жарамайды», - деді Арнұр Нұртаев.