Елімізде ПТР тест өткізудің тәуліктік қуаттылығы 100 мыңға жетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде коронавирус бойынша тесттен өткізудің тәуліктік қуаттылығы 100 мыңға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл вирусты зертхана деңгейінде анықтау көрсеткіші едәуір жақсарды. Пандемия басталғаннан кейін біз ПТР әдісі арқылы коронавирусты анықтау жұмысын осы жылдың сәуірінде бастаған едік. Біз сол тұста тәулігіне 6 мың адамды тесттен өткізуге болатын 19 зертхана жұмыс істеп тұрған еді. Алайда бүгінгі таңда коронавирус анықтау тестін елдегі 132 зертхана мен 48 биологиялық материалдарды жинау бекетінен өткізуге болады. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирус бойынша тесттен өткізу қуаттылығы тәулігіне 100 мыңға жетті», - деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша бүгінгі таңда Қазақстанда 5 миллионға жуық ПТР-тест жүргізілген. Күніне зертханада 40 мыңнан астам адам ПТР-тесттен өтуде.