Елімізде ресми тіркелген босқындар саны тұрақты - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
Соңғы жылдары ол 600 адамның төңірегінде. Бұл туралы бүгін «Босқындар туралы» заңға байланысты журналистермен арнайы кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде барлығы ресми түрде тіркелген 615 босқын немесе 216 отбасы болса, олардың 107-сі - хазар, 132-сі - пуштун, 337-сі - тәжік, 27-сі өзбек халқының өкілдері. Ал қалғандары, яғни 12 адам басқа да ұлттардың өкілдері. «Бұлар - Ауғанстаннан қоныс аударған босқындар. Сондай-ақ тағы Эфиопияның 2 азаматы мен Сомали мен Нигерияның бір-бір азаматтары бар. Ал олардың елге келу себептеріне келетін болсақ, бұл мәліметтер құпия. Олардың барлығы біздің «Босқындар туралы» заңымызда көрсетілген себептермен қоныс аударғандар. Олардың өмірлеріне өз елдерінде қауіп төніп тұрды», деді вице-министр.
Сондай-ақ ол келтірген мәліметтерге қарағанда, сәуірдің 1-індегі мәліметтер бойынша босқын мәртебесін алуға 10 отбасы өтініштерін білдіріп, олардың 5-уі осы уақытта босқын деп табылды. Ал қалған 5-уі тиісті комиссияның қарауында. «Яғни кезекте тұрғандардың саны 5 отбасы. Қазақстанның «Босқындар туралы» қолданыстағы заңы саяси баспана беру мәселесін де қарастырады. Алайда бұл мәселе Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен реттеледі. Сондықтан саяси баспана беру шарасы тек Президенттің ғана құзырындағы мәселе», деді Б.Нұрымбетов.
Ол келтірген деректер бойынша, 1991-ші жылдан бері 5 адам Қазақстаннан саяси баспана сұраған. Алайда қазір елімізде саяси босқындар жоқ.