Елімізде салық қызметтерінің сапасына қанағаттанушылықтың артқаны байқалады - «Сандж» зерттеу орталығының директоры
АЛМАТЫ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 2010 жылы салық қызметтерінің сапасына шағын, орта және ірі бизнес субьектілерінің қанағаттанушылығы 85-тен 88 пайызға дейін артқан.
Бұл жайлы ҚР Салық төлеушілер қауымдастығының тапсырысы бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізген «Сандж» зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова бүгін зерттеу қорытындысына арналған дөңгелек үстел жиынында айтты.
«Зерттеу кезінде Қазақстанның барлық аймағын толық қамтыды. Онда 1625 бизнес субъектілеріне, 781 жеке тұлғаларға және тұрғындарға тікелей қызмет көрсететін 416 салық органдарының қызметкерлеріне сауалнама жүргізілді. Есепке алуды жүргізу мен төленген салықтарды, өсімпұлдарды, айыппұлдарды қайтару және салық заңнамасын түсіндіруден басқа салық қызметтерінің сапасына қанағаттанушылық байқалады. Ол Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 пайыздан асады», - дейді Жанар Жандосова.
Оның айтуынша, жақсарудың 10-24 пайыздық жоғары серпіні Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау және Алматы облыстарында байқалып отыр. Былтыр сондай-ақ электронды түрде салық есептілігін тапсыратын кәспкерлердің үлесі біршама өсті. Бұл 2009 жылы 64 пайыздан 81 пайызға дейін ұлғайған.