Елімізде салынатын кез келген магистральдық құбырға мемлекеттің басым құқығы қамтылады - Мәжіліс отырысы

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Магистральдық құбыр туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов мәлім етті.
Жауапты хатшының айтуынша, заң жобасы ел экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие магистральды құбырлар саласындағы реттеу жолы арқылы Қазақстанның экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталады. «Заң жобасы қабылданса елімізде қайта салынатын кез келген (мемлекеттік не жекеменшік болса да) магистральдық құбырларға мемлекеттің қатысуын қамтитын басым құқығы бекітілетін болады. Бірінші кезекте құбырларды салуда мемлекеттің экономикалық мүддесі қорғалатын болады»,- дейді Қанатбек Сафинов.
Оның айтуынша, ТМД кеңістігіндегі барлық дерлік мемлекеттер магистральдық құбырларға қатысты қатынасты ретке келтіретін заң актілерін қабылдаған. Ал Қазақстанға келсек, бұл саладағы қолданыстағы заңнамада тек қана стратегиялық нысандарға жатқызылған магистральдық құбырларды иелену мен иесіздендіру мәселелерін ғана реттейді.
«Ал жаңа заң жобасында біз қолданыстағы ғана емес, жаңадан салынатын магистральды құбырларға мемлекеттің басым құқықтарын бекітетін боламыз. Жалпы, заң жобасын қабылдау бірқатар оң құқықтық, әлеуметтік-экономикалық салаларға жол ашады. Атап айтқанда, біріншіден еліміздегі магистральдық құбырлар қатынасындағы мәселелер толығымен құқықтық реттелетін болады. Мемлекеттік органдардың өкілеттігі нақтыланады», - дейді Қ. Сафинов.