Елімізде салынып жатқан әлемдік деңгейлі колледждер жанынан арнайы мектептер ашылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде салынып жатқан әлемдік деңгейлі колледждер жанынан арнайы мектептер ашылады. Бүгін бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
Оның барысында «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова Астана мен Алматы қалаларында салынып жатқан әлемдік деңгейдегі колледждерге, өңірлік орталықтар қызметіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі колледждер көпдеңгейлі әрі олардың жанынан арнайы мектептер салынады.
«Мұндай мектептер басым жағдайда туризм, қонақ үй істері, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-коммуникациялық технологиялар, энергетика, дизайн бағыттарына негізделмек. Мектептердің әрқайсысы үшін біз басты әріптестерді де таңдап алдық. Оларды айқындауда әлемнің 54 оқу мекемелері қатысқан ауқымды конкурс ұйымдастырылып, 6 әріптесті анықтап алдық», - дейді Э. Сәдуақасова.
Оның айтуынша, 4 өңіраралық орталық негізінен моносалаларды қамтуымен ерекшеленеді. Мәселен, Атыраудағы орталықта мұнай және газ саласына басымдық берілсе, Өскеменде машина құрылысына, Екібастұзда - энергетика, ал Шымкенттегі өңірлік орталықта - азық-түлік және жеңіл өнеркәсіпке басымдық беріледі.