Елімізде сайлауды бақылау туралы хартия қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда сайлаудың әділ және адал өтуін бақылау туралы арнайы хартия қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл хартияда Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының, БҰҰ-ның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің, Копенгаген кеңесінің құжатында көрініс тапқан ЕҚЫҰ принциптерінің, демократиялық сайлау стандарттары туралы Конвенцияның, еліміздің Конституциясы мен ұлттық заңнаманы негізге ала отырып, сайлаудың маңызы мен рөлі көрсетілген. Біз сайлау процесіне қатысушы яғни бақылаушы ретінде азаматтардың сайлау құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етпекпіз», - деді қоғам қайраткері, аталған хартия идеясының авторы Айгүл Соловьева елордада өткен баспасөз мәслихатында.


Оның айтуынша, аталған хартия сайлау процесінің әділ өтуіне бақылау жүргізумен қатар, ішкі және халықаралық бақылаушылармен өзара ынтымақтасу мақсатын көздейді.

«Осы хартия негізінде демократиялық, шынайы, еркін және әділ сайлау арқылы халықтың күші мен ерік-жігерін білдіру үшін сайлау процесін бақылауды ұйымдастырамыз. Еліміздің Конституциясы, сайлау туралы заң, сондай-ақ азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарын қамтамасыз ететін өзге де нормативтік құқықтық актілерді түсіндіруге бағытталған қоғамдық қызметтерді ұсынатын боламыз. Сонымен қатар, бұл құжатта сайлау туралы заңнаманы талдау, сайлау алдындағы науқанға мониторинг жүргізу және сайлау кезінде орын алуы мүмкін заңбұзушылықтарды қадағалау және зерттеу мәселесі қарастырылған», - дейді ол.

Хартия идеясы авторының пікірінше, сайлауға бақылау жүргізу кезінде ҚР Конституциясы, сайлау туралы заң және сайлауда бақылауды жүзеге асыруға қатысты халықаралық актілер басшылыққа алынатын болады.

Айта кетсек, аталған іс-шара елордадағы Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының ұйымдастыруымен өтті. Аталған орталық Қазақстанның азаматтық альянсының, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының және басқа да қоғамдық ұйымдардың бірігуімен жуырда ғана құрылған болатын.


Соңғы жаңалықтар