Елімізде сексеуілді заңсыз кесу мен сату шараларына қатаң бақылау жүргізіледі - Е. Нысанбаев
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдан бастап республика бойынша сексеуіл ағашын заңсыз кесу мен сату қатаң қадағаланатын болады.
Бүгін орманды қорғау және заңсыз аң аулауға қарсы күрес шараларының қорытындысы жөнінде өткен баспасөз мәслихатында АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі таңда республиканың оңтүстігінде сексеуіл алқаптарын сақтап қалу мәселесі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Құмдардың көшуін болдырмау үшін бұл ағаштың тигізер пайдасы мол екендігі белгілі. Сондықтан да, сексеуілдерді қорғау мақсатында жүйелі шаралар атқарылатын болады. Атап айтқанда, сексеуіл ормандарын жоюға, кесуге қатысты тыйым салынған қаулылар күшейтіліп, арнайы баппен толықтырыла түседі. Мәселен, Жамбыл облысында сексеуіл ормандарында бұндай ағаштың кез-келген түрлерін кесуге тыйым салынады. Ал бұндай орман алқаптарын ескі, шіріген сексеуілден тазарту жұмыстары тек арнайы мекемелер тарапынан жүргізіледі», деді Е. Нысанбаев. Оның айтуынша, ағымдағы жылдан бастап республика аумақтарындағы сексеуіл сатылатын кез-келген жолдың бойы, базарлар тексерілетін болады. «Базарлардағы бұндай саудалар қатаң бақылауда болады», деді Е. Нысанбаев.