Елімізде шамамен 323 мың адам еңбек жағдайы зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеуде
ТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде еңбек жағдайы зиянды нысандарда және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың саны шамамен 323 мың адамды құрайды.
Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәлім етті.
«Мүгедектікке ұшырау көп жағдайда кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттармен тікелей байланысты болып отыр. Бұл ретте мүгедектердің жалпы санының 1 пайызға жуығы осындай жағдайға тап болғандарды құрап отыр. Ал Статистика агенттігінің деректеріне қарасақ, еңбек жағдайы зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін адамдардың саны шамамен 323 мың адамды құрайды. Оның 79 мыңы әйелдер», - дейді Г. Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, 2010 жылдан бері еліміздің кәсіпорындарында тәуекелді бағалау жүйесі енгізілген. Сондай-ақ былтырғы жылы мемлекеттік еңбек инспекциясы шамамен 4 мың кәсіпорынға тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде нысандардың 28 пайызының тәуекелдік дәрежесі жоғары болса, 35 пайызы тәуекелдік дәрежесі орташаға жатқызылған. «Осыған байланысты министрлік тәуекелдігі жоғары нысандарға тексерісті жиілетіп отыр. Бұндай нысандар көрсетілген кемшіліктерді түпкілікті жоймаса, тексеріс қайта-қайта ұйымдастырыла береді», - дейді министр.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы еңбек ету қабілетінен айырылу қатерінің әлеуметтік сақтандыру жүйесінің даму жолдарына тоқталып өтті.