Елімізде шегелі дөңгелектерге тыйым салынбайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда автокөлік жүргізушілеріне шегелі дөңгелектерді пайдалануға шектеу қойылмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

Елімізде шегелі дөңгелектерге тыйым салынбайды

«Менің білетінім, әлем бойынша шегелі дөңгелектер кеңінен пайдаланылады. Ал табиғатымызды ескере отырып, біздің еліміздегі республикалық жолдарда мұндай дөңгелектерді пайдалану аса қажет. Бізде республикалық маңыздағы тас жолдарда шегелі дөңгелектерге шектеу қою туралы ешқандай жоспар жоқ. Ал қала ішіндегі жолдарға келер болсақ, көліктер көп жүретін жерлерде, бағдаршам алдындағы жолдарда шегелі дөңгелектердің асфальтқа келтіретін зияны болуы мүмкін. Әлемнің кейбір елдерінде мұндай дөңгелектерге салынатын тыйым бар. Дегенмен бұл мәселе толығырақ зерттеуді талап етеді», - деп атап өтті ол журналистердің қойған сауалына орай.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚР Президентінің қатысуымен өткен елорданың дамуына байланысты жиналыста Астана қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов жүк көліктерімен қатар шегелі дөңгелегі бар жеңіл көліктер де қала жолдарының тез бұзылуына себепкер болуда екенін айтқан еді. Оның мәліметінше, қыстың 6 айында шегелі дөңгелегі бар көліктер жол асфальтінің 1 сантиметр қабатын сырып тастайды.

Айта кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының жаңа Техникалық регламенті өз күшіне енеді. Ол бойынша желтоқсаннан ақпан айына дейін қысқы дөңгелексіз көлікті пайдалануға тыйым салынады. Дегенмен онда дөңгелектің шегелі немесе шегесіз болуы тиістігі нақтыланбаған.