Елімізде «Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми - практикалық форумы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бурабай» курорттық аймағында сәуір айының соңында «Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми - практикалық форум өтеді. Форум «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің құрылуының 50 жылдығына арналады. «Шипажай-2017» форумы - санаториялық-курорттық емдеу, медициналық оңалту, курорттық іс менеджментінің заманауи технологияларын дамытудағы тәжірибе алмасудың жыл сайынғы алаңы болып табылады.

Елімізде «Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми - практикалық форумы өтеді

Форум жұмысына медициналық оңалту, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы Германиядан, Чехиядан, Италиядан, Ресейден келген жетекші мамандар қатысады. Сонымен бірге әлемнің 8 елінен (Қазақстан, Әзірбайжан, Чехия, Германия, Болгария, Италия, Венгрия, Ресей (Башқортыстан, Татарстан)) 50 курорттық ұйым өкілдері келеді деп күтілуде.

Форум шеңберінде келесі конференцияларды өткізу жоспарлануда:

1.Медициналық оңалтудың заманауи әдістері;

2.Курорттық іс менеджменті.

«Шипажай-2017» II Халықаралық ғылыми - практикалық форумының спикерлері қатарында Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген ірі ғылыми-зерттеу институттарының, медициналық оңалту орталықтарының, шипажай-курорттық мекемелерінің өкілдері бар.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр елімізде Қазақстан Республикасының Ұлттық Курорттық Қауымдастығы құрылған болатын. Сол жылы Алматы қаласында Ұлттық Курорттық Қауымдастықтың ұйымдастыруымен «Шипажай» I Халықаралық ғылыми - практикалық форумы өтті. Сонымен бірге ҚР Ұлттық Курорттық Қауымдастығы Сумен емдеу және Климатпен емделудің Әлемдік Федерациясына мүше болып (FEMTEC) кірді.

Биыл «Шипажай-2017» форумы аясында шипажай-курорттық ұйымдардың және фармацевтикалық өнім өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылатын болады. Аталған іс-шара аясында сәуір айының басында «Қазақстан Республикасы курортология мәселелері» атты ғылыми-практикалық және ақпараттық журналдың бірінші нөмірі басылып шықты. Ал 20- сәуірде «Оқжетпес» шипажайында сауықтыру орнының 50 жылдығына арналған радон суының көзін ашу рәсімі өтті. Оған қоса дәл сол күні шипажай Мұражайын ашу салтанатты рәсімі өткізілді.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық Курорт Қауымдастығы Қазақстан Республикасы Шипажай-курорт қорының Ұлттық тізімін қалыптастырумен айналысуда. Сондай-ақ, биыл «Оқжетпес» пен «Алматы» шипажайлары денсаулық сақтау саласындағы ҚР аккредитациялаудың ұлттық стандарттарына сәйкес аккредитациялаудан өтеді. Бұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізілгелі отыр.

Айта кетейік, ҚР Президенті Істері Басқармасы Медорталығының шипажай-курорттық ұйымының жүйесіне 4 шипажай кіреді: «Оқ-Жетпес», «Алматы», Ессентукидегі (Ресей) «Қазақстан» және Ыстықкөл (Қырғызстан) жағалауындағы «Қазақстан» шипажайы. Аталған шипажайлар «4 пен 5 жұлдызды отель» санатындағы сәйкестік сертификатына ие. Статистикаға сүйінсек, бұл ұйымдарда жыл сайын 25 мыңнан астам адам ем қабылдайды және сауығады. Сондай-ақ, медорталық шипажайларында 50-ден астам сауықтыру бағдарламасы бар. Оңалту қызметтерінің сапасын одан әрі жетілдіру мақсатында 2021 жылға дейін 96 жаңа бағдарлама мен әдістеме ендіру жоспарланып отыр. Шипажай-курортты саланы кадрмен қамтамасыз ету үшін Шипажай-курорт ісінің институтын ашу мәселесі талқылануда.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда небәрі 200-ден астам шипажай жұмыс істейді. Олардың негізгі бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында шоғырланған.