Елімізде шөлейттену үдерісі артып, су ресурстарының тапшылығы туындауы ықтимал - ҚР ҚОСРМ
Бұл жайында ведомство басшысы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, климаттың өзгеруі Қазақстанға да тікелей әсер етеді. Мәселен, еліміздегі орташа температура Цельсий бойынша 0,85 градусқа жоғарыламақ. Бұл бұл өз кезегінде әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары.
«Еліміз теңіздердің жағалауында орналаспағандықтан, өзге өңірлерге қарағанда, біздің аймақ климаттың өзгеруі проблемасына көбірек тап болуы мүмкін. Шөлейттену үдерісі арта түседі. Жердің құнарсыздануы, су ресурстарының тапшылығы секілді проблемалар алдымыздан шығуы ықтимал», - деді Н. Қаппаров.
Мұнымен қоса, ол су тапшылығы мәселесі барлық өңірлерде туындауы мүмкіндігін жоққа шығармады.
Ведомство басшысының айтуынша, су тапшылығымен күрес шаралары су ресурстарын басқару бойынша мемлекеттік бағдарламада нақты белгіленіп, жоспарлы жұмыстар атқарылуда.