Елімізде соңғы он жылда «А» вирустық гепатитімен сырқаттану төмендеді

Мысалы, 2002 жылдан 2011 жыл аралығындағы кезеңде сырқаттанушылық 4,6 есеге азайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мәліметінше, 2012 жылдың 8 айында 2011 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 38,7 пайызға, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 49,8 пайызға төмендеді.
Жалпы республика бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары «А» вирустық гепатитімен сырқаттану деңгейіне ай сайын мониторинг жүргізеді және сумен жабдықтау, қоғамдық тамақтану, білім беру, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу нысандарында санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етеді.
«А» вирустық гепатитінің алдын алудың тиімді әдісі вакцинациялау болып табылады. «А» вирустық гепатитіне қарсы вакцинациялау «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулар тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2295 қаулысына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
«А» вирустық гепатиті - әлемде кеңінен таралған жіті антропоноздық инфекциялық ауру, физикалық және химиялық факторларға салыстырмалы түрде төзімділігі жоғары вирус тудырады, соның арқасында вирус қоршаған ортада ұзақ уақыт сақталады. «А» вирустық гепатиті су, тамақ, тұрмыстық қарым-қатынас жолдарымен таралады. «А» вирустық гепатиті кезіндегі инкубациялық кезең 50 күнге дейін, орташа 35 күнге созылады.