Елімізде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 2 млн. 900 мың адамды құрайды - Т. Досмұхамбетов
АНА. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 2 млн. 900 мың адамды құрайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осылай мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылдардан бері жүзеге асып жатқан Жол картасы бағдарламасы еліміздегі спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға да маңызды үлес қосқан. Мәселен, былтыр Жол картасының арқасында үнемделген қаражат есебінен 12 облыста 64 нысан жөндеуден өткен. Бұл ретте 2010 жылы еліміздегі барлық спорт ғимараттарының жиынтығы 936 бірлікке артып, бүгінгі күні олардың саны 31 мыңнан асқан. «Нәтижесінде былтырдан бері 380 мың адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың қатарын толықтырып отыр. Жалпы алғанда олардың саны 2 млн. 900 мың адамды немесе халықтың 17,7 пайызын құрайды», - деді Т. Досмұхамбетов. Министрдің айтуынша, былтыр елімізде 17 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізілген. Бұның 10 мыңға жуығы ауылдық жерлерде өтсе, сондай жарыстарға 3,5 млн.-нан астам адам қатысқан.