Елімізде сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту мен дамытудың техникалық-экономикалық негіздемесін орталықтандырып әзірлеуге көшу жоспарланып отыр

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту тұжырымдамасына сәйкес және елдімекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесінде біртұтас мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатында жасалғалы отыр. Жұмыс үш кезең бойынша жүреді. 2010 жылы облыс орталықтарындағы сумен қамтамасыз ету және су тарту нысандарына зерттеу жүргізу, сондай-ақ Көкшетау қаласы бойынша техникалық экономикалық негіздемені әзірлеу көзделуде. 2011 жылы Атырау мен Шымкент қалалары бойынша техникалық экономикалық негіздемені аяқтау жоспарлануда. Ал, 2012-2014 жылдары қалған қалалар бойынша техникалық экономикалық негіздемені әзірлеуді аяқтау көзделуде.«Қажетті қаржының жалпы сомасы - 3,7 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде 2010 жылы - 500 млн. теңге, 2011 жылы - 460 млн. теңге, 2012-2014 жылдары - 2,7 млрд. теңге қажет. Тиісті инвестициялық ұсыныстар Экономика министрлігіне жіберілді», деді агенттік төрағасы.