Елімізде сусын және темекі өнімдерінің өндірісі артты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы қаңтар-тамызда елімізде өнеркәсіп өндірісінің индексі 102,5% құрады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елімізде сусын және темекі өнімдерінің өндірісі артты

Өндіріс көлемінің өсуі республиканың 15 өңірінде тіркелген. Айтарлықтай өсім Жамбыл (11,4%), Ақмола (8,9%), Абай (8,6%) облыстарында және Алматы қаласында (8,5%) тіркелді. Төмендеу үрдісі – Жетісу (5%), Павлодар (3,1%), Қызылорда (2,6%), Қостанай (2,5%) және Түркістан (0,4%) облыстарында байқалған.

Биылғы қаңтар-тамызда 32 127 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында – 16 987 млрд теңгеге (жалпы көлемнен 52,9%), өңдеу өнеркәсібінде – 13 418 млрд теңгеге (41,8%).

Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда елімізде түсті металл кендері (105,1%), көмір өндіру (102,2%), сусындар (107,5%), темекі өнімдері (115,4%), химия (111,8%) және металлургия өнеркәсібі (105,1%), резеңке және пластмасса бұйымдары (105,1%), машиналар мен жабдықтар, дайын металл бұйымдары (102,4%) өндірісі артқан.