Елімізде сүт өнеркәсібінде жаңа технологияларды иеленуге гранттар бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қазақстанның сүт өндіруші өнеркәсіп иелеріне жаңа технологияларды иеленуі үшін арнайы гранттар бөлінді. Бұл туралы ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде сүт өнеркәсібінде жаңа технологияларды иеленуге гранттар бөлінді

«Биылдан бастап Елбасының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы секторында ғылыми зерттеу мекемелерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырудамыз. Яғни салада жаңа технологияларды енгізу арқылы өнім мен оның сапасын арттыруды қолға алудамыз. Осы тұрғыда сүт өндірісіндегі жаңа технологияларды енгізу бойынша гранттар бөлінді,  қазірде бағдарлама іске қосылып еліміз бойынша 10 пилоттық жоба өз жұмысын бастап кетті», - деді Еркебұлан Ахметов.

Оның айтуынша, жалпы бағдарлама сүтті ірі қара мал шаруашылығы, жанұялық мал шаруашылығы, етті бағыттағы ірі қараны көбейту және қой шаруашылығы секілді 4  модель бойынша жүргізіледі.null 

«Біз фермерлерге жаңа технологияны белгілі шарттар бойынша несиесіз тегін береміз. Нақтырақ айтқанда, фермер ғылыми институтпен 3 жылға келісімшартқа отырады, ол бойынша өз фермасында ғылыми жұмыстар жүргізуге мүмкіндік жасауы тиіс, яғни ғылым мамандары малды азықтандыру, ұрықтандыру, өнім сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізеді. Бұндағы мақсат-  сүт өндірушілер мен ғылыми мамандардың бірлесіп жұмыс істеуі арқылы өнімнің сапасы мен санын арттыру», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада отандық сүт өндірушілердің IV конгресі өтіп жатыр, онда белгілі болғандай елімізде сүт өнеркәсібін субсидиялау қайта қолға алынды. 

Айта кетсек, Елбасы өзінің үстіміздегі жылдың 5 қазандағы Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетіне қатысты еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту керектігін айтып өткен болатын.
Осы мақсатта Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде қосымша кемінде 100 млрд теңге қарастыруды тапсырды.