Елімізде табиғи монополияның ұсақ субъектілері кезең-кезеңмен біріктіріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейінгі тарифтік саясат бойынша жаңа бағдарлама жобасында Қазақстандағы ұсақ бытыраңқы табиғи монополия субъектілерін кезең-кезеңмен біріктіру ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Мұрат Оспанов айтты.
Оның айтуынша, табиғи монополияның, әсіресе энергетика және сумен қамтамасыз ету саласында ұсақ субъектілердің болуы реттелетін қызметтердің бағасына да, сапасына да кері әсер етеді.
Сонымен қатар, энергетика саласында шағын энергия таратушы ұйымдардың көп болуы электр энергиясының түпкілікті бағаларын жасанды түрде көтеруге алып келеді, бұл халықтың әл-ауқатына, сондай-ақ бәсекеге қабілетті отандық өнімдерге кері әсерін тигізеді.
«Осыған орай Агенттік ағымдағы жағдайды жан-жақты талқылап, ұсақ бытыраңқы табиғи монополия субъектілерін кезең-кезеңмен біріктіруге болады деп есептейді», - деп атап өтті ТМРА басшысы.
Жоба бойынша алдымен қалалардағы су арналарын біріктіру көзделіп отыр. Өйткені, олардың барлығы мемлекет меншігінде. Содан кейін жылумен жабдықтау саласындағы кәсіпорындар және келешекте - электрмен жабдықтайтын кәсіпорындар біріктіріледі.
Мамандардың айтуынша, еліміздегі ірілі-ұсақты 82 қалада 9 млн.-ға жуық адам тұрады. Осылайша елдің көптеген тұрғындары бір уақытта сапалы қызметке қол жеткізе алады.