Елімізде тағы 3 жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылмақ - Үкімет отырысы
ТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елімізде тағы 3 жаңа арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұл туралы бүгін селекторлық режимдегі Үкімет отырысында Үкімет басшысының орынбасары - индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«Бүгінде Үкіметте 3 жаңа арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі қарастырылуда. Атап айтқанда олар «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, Павлодар облысындағы «Мұнай-химия өнеркәсібі» арнайы экономикалық аймағы, сондай-ақ Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймақтары. Қазіргі кезде құжаттар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - деп атап өтті вице-премьер.
Мұнымен қоса Ә. Исекешев арнайы экономикалық аймақтар жөніндегі заң әзірленіп жатқандығына және құжат олардың жұмысының тиімділігі бойынша тиісті бағыттарды қамтитынын жеткізді. «Заң жобасы бар. Енді 1 қазанға дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді даярлау бойынша жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ жыл соңына дейін бұл тұрғыда жаңа қадамдар бойынша жұмыс істеу үшін қазіргі кезде бар 6 арнайы экономикалық аймақтарды қайта қосу бойынша жұмыстарды тәмамдауды жоспарлаудамыз», - деді ол.
Вице-премьердің пайымдауынша, бұл шаралар инвестиция тарту тұрғысындағы көрсеткіштердің артуын айтарлық өзгертпек.