Елімізде тартылған шетелдік жұмыскерлердің негізгі үлесін Қытай мен Түркия елдері құрап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік жұмыс күшін тартудың ағымдағы жағдайына сәйкес, елімізде 31,9 мыңға тарта рұқсаттар қолданылып отыр. Бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоні және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов осылай мәлім етті.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, компанияларда санаттарға орай қазақстандық кадрлармен қамтылудың ең төменгі көрсеткіштері бекітілген. «Бүгінгі күні компанияларда бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелер басшылары бойынша 70 пайызға дейін жергілікті кадрлардан жасақталуы шарт. Ал білікті жоғары білімді кадрлар мен мамандарға келсек, олардағы қазақстандықтардың қамтылуы 90 пайыз болуы тиіс. Бүгінгі күнгі жағдайға келсек, еліміздің аумағында шетелдік жұмыс күшін тартуға 31,9 мыңнан астам рұқсаттар берілген. Олардың басым бөлігін үшінші санаттағы шетелдік жұмысшылар, яғни тиісті білімі бар мамандар құрайды, ал білікті жұмысшылар саны 30 пайыздан асады. Бұдан кейінгі орындарда құрылымдық бөлімшелер басшылары -20,5 пайыз және бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары -6,5 пайыз», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, республикамызда тартылған шетелдік жұмыскерлердің негізгі үлесін Қытай мен Түркия елдері құрап отыр. Атап айтқанда, барлық тартылған шетелдік жұмыс күшінің 31 пайызы Қытайға, 14 пайызы Түркияға тиесілі. «Егер сала бойынша жіктесек, олардың басым бөлігі құрылыс саласында (жалпы шетелдік жұмыс күшінің 60 пайызы), содан кейінгі орындарда тау-кен өндірісі (13,4 пайыз) және өңдеуші өнеркәсіп (5,4 пайыз) саласында жұмыс істеуде», - дейді Д. Арғындықов.