Елімізде Тәуелсіздік күніне орай «Сергектік» күні ұйымдастырылады

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті.
Е. Қанағатовтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық облыстарда жүздеген іс-шараларды өткізудің жоспары бектілді. Аталған бұқаралық спорт мерекесі күні ашық есік күндері, спартакиадалар мен жарыстар, жаңадан салынған спорттық кешендердің салтанатты ашылу рәсімдері өткізіледі.
«Бұның барлығы халықты бұқаралық спортқа тарту үшін жасалуда», - дейді ол.
«Сергектік» күні аясында Астанадағы Дәулет спорт кешенінде «Мен спортты таңдаймын» атты ауқымды республикалық акция басталады. Оның шеңберінде Астанада «Жастар» дене шынықтыру спорт қоғамының конференциясы, Олимпиада чемпиондары мен акробаттардың өнері тамашаланып, халықаралық спорт шеберлерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Сонымен қатар Бразиялияның «Оле Бразил» футбол академиясында 3 жылдан астам уақыт жаттыққан жас қазақстандық түлектердің ойындары паш етіледі.
Сондай-ақ балаларға және жасөспірімдерге арналған жарыстар легін өткізу қарастырылған.