Елімізде тек бір нысан мүгедектер үшін толық бейімделген - Жақыпова

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біздің мониторингтің нәтижесі бойынша Павлодар облысында бір нысан қолжетімді. Еліміз бойынша тек бір ғана нысан барлық санаттарға қолайлы етіп жасалды»,-деді Жақыпова.
Айта кетейік, бейімдеуге жататын нысандардың жалпы көлемінен 90 пайыздан астамы Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында мүгедек жандар үшін қолайлы қалыпқа келтірілген. Сондай-ақ бейімдеудің төмен деңгейі Маңғыстау облысында (347 нысаннан 97), Қарағанды облысында (785 нысаннан 302), Батыс Қазақстан облысында (955 нысаннан 467), Солтүстік Қазақстан облысында (1735 нысаннан 876), Ақтөбе облысында (702 нысаннан 295), Қостанай облысында (1 мың 166 нысаннан 593), Жамбыл облысында (904 нысаннан 598), Астана қаласында (309 нысаннан 132) назарға іліккен.
Осы орайда вице-министр қызмет иелерінің немесе кәсіпкерлікпен айналысатын заңды және жеке тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз етпеуі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соқтыратынын атап өтті.
Министрлік мәліметінше, мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кедергісіз өтуін қамтамасыз ету аясында,2012 жылдан бастап жыл сайын оларды бейімдеудің өңірлік жоспарлары жасалуда. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жиі баратын 36 мың 200 нысан бар. Жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі жөнінде 28 мың 205 нысанды төлқұжаттандырудан өткізуді көздеген еді. Өткен жылдың қорытындысында 27 мың 828 нысан (98,7%) төлқұжат алса, оның 17 мың 506 нысаны (62,9%) бейімделуге тиесілі болды. Бұлардың 11 мың 212 нысаны (64%) қажет деңгейде икемделді. Мүгедектерге қолжетімділік қамтамасыз етілген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының үлесі төлқұжатқа ие болған жалпы нысандар қатарынан 77,4 пайызды құрады.