Елімізде теміржолмен жүк тасымалдау көлемі артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының теміржолмен жүк тасымалдау көлемі 14 пайызға артты. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі директоры Назира Нұрбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде теміржолмен жүк тасымалдау көлемі артып келеді

«Қазақстан темір жолы» компаниясының өткен жылғы жүк айналымына қатысты көрсеткіші 245 млн тонна шақырым болды. Бұл - 2021 жылғы көрсеткіштен 5 пайызға көп. Оның ішінде экспорт 10,3 пайызға артты. Транзиттік жүк көлемі 14 пайызға ұлғайды», - деді ол қорда өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Air Astana мен Qazaq Air әуе компанияларының жолаушылар тасымалдаудағы жиынтық көлемі - 7,9 млн жолаушы. Ол - 2021 жылғы көрсеткіштен 10 пайызға жоғары.

«Қазпошта» пандемиядан кейінгі қайтадан қалпына келу сатысында тұр. Қытай нарығы биыл ғана ашылды және пошта қызметтері көлемінің айтарлықтай, шамамен 9 пайызға төмендеуі байқалады. Халықаралық жөнелтілімдер, халықаралық сәлемдемелер тарифін арттыру жұмысы жүргізілгендігін атап өткен орынды. Нәтижесінде бұл бағыттағы кіріс 2021 жылдың қорытындысында 45 пайызға көбейді», - деді Назира Нұрбаева.