Елімізде тірі жетімдердің саны тұл жетімдермен бірдей болып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы халықаралық үрдіс бойынша дамыған мемлекеттерде мүмкіндігінше жетімдер үйі болмайды. Көптеген дамыған елдерде жетім балаларды отбасыларға асырап алуға жағдай жасалады. Өкінішке қарай, Қазақстанда жетім балалардың саны 42 мыңнан астам. Бұның 15 мыңнан астамы балалар үйінде тәрбиеленуде. Қалғаны қорғаншылық, патронаттық, қамқоршылық тәрбиеге берілген. Сонымен бірге, елімізде тірі жетімдердің саны тұл жетімдермен бірдей болып отыр. Сол үшін жетімдерге қатысты Үкімет тарапынан гөрі қоғам тарапынан белсенді шаралар атқарылса игі», деді министр.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін шетелдік азаматтар асырап алған балалардың 80 пайыздан астамы белгілі бір дәрежедегі науқастар, денсаулығында кемшілігі бар сәбилер болып отыр. Атап айтқанда, шетелдіктер асырап алған балалардың 254-і олегафрениямен, 326 бала жыныстық аурулар бойынша, 11 бала -АҚТҚ ауруларының қатарында болып отыр. Бұдан бөлек, 7 мың 293 бала жүрек, жүйке ауруына шалдыққандар. Соның ішінде 253 бала, яғни шетелдікке асырап алуға берілгендердің 3 пайызы ғана денсаулығы жақсы, дамуы дұрыс сәбилер болып отыр. «Бұндай балаларды асырап алғаннан кейінгі тексерулер барысында олардың 50 пайыздан астамының денсаулығы тәуір болған. Алдағы уақытта да біз мүмкіндігінше осындай ауыр науқасты балаларды беруді назарда ұстайтын боламыз», деді министр.