Елімізде тіркелмеген, бірақ «Алға» деген атпен белгілі партияның төрағасы В.Козловтың кәсібінен былық шықты
АСТАНА. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы қаласының Салық департаменті ағымдағы жылғы сәуірдің 6-ы мен маусым айының 26-ы аралығында жеке кәсіпкер Владимир Козловқа кешенді салықтық тексеру жұмыстарын жүргізген.
Тексеру кезінде оның салықты төлеуден жалтару сияқты өзге де бірқатар заңсыз әрекеттерге барғандығы анықталды. Бұл туралы бүгін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, жеке кәсіпкердің бүгінгі таңда бюджетке төлеуі тиіс, бірақ заңды белден басуы себепті төленбей жүрген қаржы көлемі 3,3 миллион теңгені құрап отыр. «Тексеру кезінде құны 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын салық төлеуден және мемлекетке міндетті түрде төленуі тиіс өзге де қаржыны төлеуден жалтару әрекетінің орын алуына байланысты салық комитеті жеке кәсіпкер В.Козловқа жүргізілген кешенді тексеру жұмыстарының қорытындыларын қаржы полициясының Алматы қалалық өкілдігіне жолдады. Салық органдарының тексеру жұмыстарының материалдары қазанның 3-і күні қаржы полициясына келіп түсті. Осыған қарай іс қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық заңнамаға сәйкес тіркеліп, қосымша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындылары қоғам назарына жеткізіледі», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ, салық органдарды В.Козловтан қосымша құн салығының көрсеткіштерін азайтып көрсету фактілерін анықтады. «Бұның кәсіпкердің қоғамдық- саяси қызметіне ешқандай да қатысы жоқ», деді М.Жұманбай.