Елімізде толық емес отбасылардың және некесіз туған балалардың үлес салмағы өсіп келеді

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде толық емес отбасылардың және некесіз туған балалардың үлес салмағы өсіп келеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Отбасы және қоғам: дәстүрлер, құндылықтар және даму келешегі» атты халықаралық конференция барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

Елімізде толық емес отбасылардың және некесіз туған балалардың үлес салмағы өсіп келеді

«Елімізде еркектерге қарағанда әйелдердің саны артып келеді. Еркектердің арасында өлім саны көбеюіне байланысты, гендерлік тұрғыдан тепе-теңдік бұзылып отыр. Мысалы, бүгінгі 30 жастағы 10 еркектің төртеуі 60 жасқа дейін өмір сүрмейді», - деп атап өткен министрдің пайымынша, соның нәтижесінде жесірлер мен әкесіз қалған балалар саны артып отыр. Бұл отбасында табыс кірісін жеткіліксіз етумен қатар, оның мүшелерінің білім алу мүмкіндігін шектейді.

Г.Әбдіқалықованың айтуына қарағанда, халық арасында өлім деңгейі де жоғарылап тұр. Оған - жүрек -қан тамырлары аурулары, жарақат алу мен улану, тыныс органдарының ауруы, ісік аурулары және жұқпалы инфекциялық аурулар себеп болуда.

Сондай-ақ халықтың денсаулығына қазіргі экологиялық жағдайдың зардабы да өз әсерін тигізіп отырғандығын айтқан ол: «Толық емес отбасылар мен некесіз туған балалардың үлес салмағы артып келеді. Өйткені азаматтардың, әсіресе жастардың елеулі бөлігі шетелдің бізге жат әдеттері бойынша ресми некесіз тұрып жатыр», - деді.