10:15, 18 Тамыз 2021 | GMT +5
Елімізде той-томалақ тыйылар емес – Алексей Цой
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті атқарушы органдар мониторинг топтарының жұмысын күшейтуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантиндік іс-шаралардың қолданыста болуына қарамастан бірқатар өңірде көп адамның жиналуымен салтанатты іс-шаралар, үйлену тойларын, еске алу түскі асын беру тыйылмай отыр. Карантинді өрескел бұзу фактілері де анықталып жатыр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға мониторинг топтарының жұмысын күшейтуді тапсыруыңызды өтінемін», - деді Алексей Цой Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата.
Сонымен қатар ол елімізде «Ashyq» жобасына кеңінен тарту жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты.
«Жобаға қатысушылардың саны 111 мыңнан асып жығылды. Олардың ішінде көшбасшылары – 921. Қолданушылар саны 4 млн-ға жетті. Күн сайын 400 мыңнан астам қазақстанда онлайн режимде өз мәртебесін тексереді», - деді министр.