Елімізде туберкулезден қайтыс болатын адамдар саны азайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда туберкулезден қайтыс болатын адамдар саны 24,3 пайызға азайды. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлімдеді.
«Қазақстан үшін туберкулезге байланысты мәселе әлі де болса күн тәртібінде тұр. Бірақ біз сол аурудан көз жұматын науқастардың санын едәуір азайттық. Еліміздегі туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты деп айтуға болады. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып келе жатқан соңғы 3 жылда жалпы өлім-жітім саны 16 пайызға азайды. Ал осы ауру кесірінен бақилық болатын отандастарымыздың саны 24,3 пайызға кеміді», - деп атап көрсетті министр.
Сонымен қатар, министрдің мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі туберкулезге қатысты жағдай бойынша ведомствоаралық ұлттық жоспар жасап шыққан. «Жуық арада сол жоспарды Үкімет деңгейінде бекітуге шығармақпыз», - деді С. Қайырбекова.