Елімізде тұңғыш рет 4 спорттан бірлескен командалық жарыс өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кешкі сағат 17:00 «Керуен» ОСО (3 қабат)-да Спорттық жекпе-жек күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының «Конфедерация кубогі» турнирінің басталуына орай баспасөз мәслихаты өтеді. Бұл туралы Конфедерацияның баспасөз орталығы хабарлады.
Биыл тұңғыш рет бокс, күрес, дзюдо және таеквондо (WTF) спортынан бірлескен командалық жарыс өткелі отыр. Осыған орай өткізілетін баспасөз мәслихатында жарыстың жеребесі тартылады.
Жарыстың іріктеу кезеңі үстіміздегі жылдың қазан-қараша айларында өткізілсе, финалдық кезең желтоқсан айына жоспарланып отыр.
Жеребе тарту шарасына Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, танымал спортшылар қатысады. «Конфедерация кубогінің» жүлде қоры - 125 млн теңге.