Елімізде ұялы байланыс абоненті 17 миллионға жетті

СТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде ұялы байланыс абоненті 17 миллионға жетті.

Елімізде ұялы байланыс абоненті 17 миллионға жетті

Бұл туралы бүгін Көлік және байланыс қызметкерлері күні қарсаңында байланыс саласының мамандарын құттықтаған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев айтты.

«Елімізде ұялы байланыс абоненті 17 миллионға, интернет пайдаланушылар 4 миллионға, ал бекітілген байланысты пайдаланушылар қатары 3 миллион 900 мың адамға жетіп отыр. Бұл біздің жұмысымыздың нәтижесі», деді министр. Сондай-ақ ол қазіргі уақытта еліміздің барлық елді мекендері телефон желісімен қамтамасыз етілгендігін атап өтті.

Алқалы жиын аясында А.Жұмағалиев ақпараттандыру және балйаныс саласындағы үздік қызметі және саланың дамуына қосқан жеке еңбегі мен өндірісті ұйымдастырудағы жоғары көрсеткіштері үшін 95 қызметкерді «Құрметті байланысшы» атағымен марапаттады.

Марапатталғандардың қатарына «Қазақтелеком», «Қазпошта», «Транстелеком», «Кар-Тел», «Алтел», «Нұрсат» сынды компаниялардың өкілдері бар. Назардан тыс қалмаған 74 байланыс саласының ардагерлері де Байланыс және ақпарат министрінің Құрмет грамотасын алып, естелік сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы қарашаның 15-індегі Жарлығына сәйкес, бұл күн жыл сайын тамыздың бірінші жексенбісінде атап өтіледі.