Елімізде вейп-өнімін кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін жауапкершілік күшейтілуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде вейп-өнімін кәмелетке толмағнадарға сатқаны үшін жауапкершілік күшейтілуі мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Заң жобасы аясында - Кодекстегі «вейп» және «электрондық сигарета» ұғымдарын бөлуге; жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуге қатысты түзетулер талқыланып жатыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Бұған дейін қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін норма реттеушілік әсерге талдау рәсімінен өтіп жатқанын жазған едік.