Елімізде вирусты гепатиттердің таралымы әлі де сейілмей тұр

АЛМАТЫ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Елімізде вирусты гепатиттердің таралымы әлі де сейілмей тұр.

Елімізде вирусты гепатиттердің таралымы әлі де сейілмей тұр

Мәселен, А гепатиті 85 пайызды, Б 10-15 пайызды, С гепатиті 2 пайызды құрап отыр. Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бөлім бастығы Әлмира Бердоңғарова «Қазіргі таңдағы вирусты гепатиттердің түрлерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Оның айтуынша, гепатиттерді жұқтырған жандарға диагноз қою мәселесі қиынға соғып отыр. «Науқастарды тексеріп, нақты диагноз қою үшін олардың қанын түбегейлі зерттейтін соңғы, озық үлгідегі құрал-жабдықтар мен компьютерлік томаграфияны қажет етеді. Тек нақты диагноз қойылғаннан кейін ғана сапалы ем қабылдау түрлері тағайындалады», -дейді

Аталған шара Қазақстандық INVIVO ЖШС зертханасы мен американдық Abbott GmbH& Co компаниясының ұйымдастыруымен өтіп отыр.

«Бұл шараның мақсаты - зертханалық диагностика саласындағы дәрігерлік мамандану дәрежесін жоғарылату, көптеп таралған гепатиттердің түрлері мен олардың таралу жолдарын зерттеуді жетілдіру мәселесін кеңінен талқылау», -дейді INVIVO ЖШС-нің директоры Нұрбек Тойшыбаев.

Шара барысында еліміздің әр түкіпірінен келген гепатитке қарсы күреспен айналысатын дәрігерлер мен Мәскеу және Санк-Петербург қаласының мамандары «Ко-инфекциялар: вирусты гепатит және ЖҚТБ», «Балалар арасында кең таралған вирусты гепатит түрлері», Жүктілік және вирусты гипатит» сынды тақырыптарды қарастырып, баяндамалар оқып талқылады.

Н.Тойшыбаев аталған зертхананың Қазақстан аумағында жүйелі түрде жұмыс істеп жатқандығын және 45 қызмет көрсету пункті бар екендігін айтады. «Еліміздің кез-келген жеріндегі тұрғыны жасаған анализін әуе кемелері, пойыз және жеделдетілген жолдама арқылы бізге сараптамаға жібере алады. Келіп түскен анализдің қорытындысын 3 күннің ішінде толықтай бере аламыз. Сонымен қатар тек дәрігерлер мен ғана емес, науқастардың өзімен де тікелей байланысқа шыға алмыз», -дейді зертхана директоры.