Елімізде вирустық аурулардың алдын алатын жаңа сусын шығарыла бастады
Бүгін Алматыда «MTI MEDICAL» компаниясының зауытында жасалған сусын көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салсабил сусынын жасау идеясын компанияның арабиялық серіктесі Хыдыр Хасан Бадур ұсынған. Сусын атауы - қасиетті Құранның 76-шы сүресінде жазылған Салсабил бұлағының атымен аталады.« MTI MEDICAL» компаниясы йод бірігуіндегі төменмолекулалы терапевтік қасиеттерін зерттеумен айналысады. Компанияның өнімі Қазақстанда «Жаңару» сауда маркасымен танылған.
«Салсабил сусыны - экспортқа шығарылып отырған үшінші өнім. Біз Елбасымыздың бағдарламасы бойынша дайын отандық өнімді ішкі рынокқа және әлемдік бәсекеге қабілетті бола алатындай өнімдерді шығарудамыз. Бұл сусын бір емес, бірнеше рет Тағамтану академиясының зертханаларында зерттеулерден өтіп, пайдалануға беріліп отыр. Бүгінде жұртшылық бұл сусынды Алматы қалаларының дәріханаларынан алуына болады. Еліміз бойынша әлі сатуға түскен жоқ. Бүгін Алматыда сусынның екінші тұсаукесері өтіп отыр. Бұған дейін араб елінде өткен болатын. Бірінші тұсаукесерден кейін бұл сусынға сұраныс өсті. Соның арқасында Парсы шығанағының 22 еліне сусынды жеткізуге келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, Меккедегі 4 қонақүйдің иесі шейх Абу Ахмед Замзамимен келісімге отырдық», дейді МTI group директорлар кеңесінің төрайымы Гаухар Үсенова. Оның айтуынша, сусын жасаудың өндірістік технологиясы иммунитетке күшті ықпал ететін йодтың наноқасиетін ашады.
Жаңа сусынды таныстыруға қатысқан Қазақ Тағамтану академиясының вице-президенті, профессор Игорь Цойдың айтуынша, бұл сусын - барлық вирустық аурулардың алдын алады, онкологиялық ауруларды тежейді, зиянды вирустарды, бактерияларды, паразиттерді жою қасиетіне ие, организмнің тұмау вирустарына қарсы күшін ұлғайтады, инфекциялардың дамуына кедергі жасайды, токсиндерді, шлактарды шығарады.
Жаңа сусынды таныстыру шарасына МTI group директорлар кеңесінің төрайымы Гаухар Үсенова, Қазақ Тағамтану академиясының вице-президенті, профессор Игорь Цой, «MTI Medical» компаниясының серіктесі, Чи Бау компаниясының (ҚХР) бас директоры Дильшат Ахметұлы, Таяу Шығыс пен Африка елдері бойынша компания серіктесі Хыдыр Хасан Бадур, сонымен бірге БАҚ өкілдері қатысты.