Елімізде волонтерлік қызметтің заңнамалық базасы нығайтылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда волонтерлік қызметтің заңнамалық базасы нығайтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жоғарыда айтылған міндеттердің бәрін іске асыру үшін біз волонтерлік қызметтің заңнамалық базасын нығайтуды көздеп отырмыз. Волонтерлер – жұмысын табысты жүргізу үшін өзінің нормативті-заңнамалық негіздемесіне ие болады. Маңызды міндеттердің бірі – волонтерлерді дайындау үшін тренингті бағдарламаларды әзірлеу болмақ. Тұрақты түрде оқыту семинарлары өткізіледі. Биыл дәстүрлі «Зерен» жастар лагері осы тақырыпқа арналады. Волонтерлік идеясы – ЖОО-ларда оқыту бағдарламаларының элементіне айналады. Біздің азаматтардың игі жақсылықтарын БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халқымызға жеткізіп отыру керек», - деді Мемлекет басшысы елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында.
Мемлекет басшысы БАҚ-ты ақпарат алаңында волонтерлік қызметті белсенді түрде насихаттауға шақырды.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.