Елімізде заңсыз әрі құжатсыз жүрген 24 өзбекстандық ұсталды

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде заңсыз әрі құжатсыз жүрген 24 өзбекстандық ұсталды. Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Елімізде заңсыз әрі құжатсыз жүрген 24 өзбекстандық ұсталды

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 11 сәуірінде Астана қалалық ІІД-нің Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен Көші-қон полициясы басқармасы қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген жедел іздестіру шаралары барысында елорда аумағындағы құрылыс цехтарының бірінен Қазақстан Республикасында заңсыз және тиісті құжаттарсыз жұмыс істеп жүрген, осылайша ҚР заңнамаларын бұзған Өзбекстан Республикасының 24 азаматы ұсталды.

«18 азаматқа қатысты құқықтық сипаттағы шаралар қолданып, қалғандары 10-нан 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлеу сипатындағы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Н.Ораздың айтуына қарағанда, 4 азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан Астана қалалық ІІД қабылдап-тарату орнына қамалған. Сондай-ақ тағы 2 азаматтың еліміздің аумағында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылданған.