Елімізде жасөспірімдер сыраның тәуелділік қармағына түсуде - Сәуле Диқанбаева

Елімізде жас буын арасында сыраны тұтыну көбейіп, олар тәуелділік қармағына түсуде.
Бұл туралы бүгін «Қазақстанда алкогольді тұтынуды төмендету: ақиқаты мен болашағы» атты "Алкогольді тұтынудан бас тарту» күніне арналған баспасөз мәжілісінде Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының бас директоры Сәуле Диқанбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Қазақстанда соңғы кездері балалардың - 9,4, ал жасөспірімдердің - 21,3, жастардың 46 пайызы алкогольді ішімдіктерді тұтынады. Оның ішінде, әсіресе студенттік ортада, сыра сәнді ішімдікке айналып отыр. 2007 жылғы орталықтың зерттеулері бойынша Қазақстан халқының 35,6 пайызы алкогольді ішімдіктерге бейім.
Бүгін «Алкогольді тұтынудан бас тарту күніне» орай барлық елдерде жастар арасында, «Біз бірігіп темекіні, алкогольді және есірткілерді жеңеміз» атты акциялар, баспасөз мәслихаттары, сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер, семинарлар мен тренингтер және тағы да басқа шаралар өткізілуде.