Елімізде жедел жәрдемнің науқастарға жету уақыты қысқарды
«Халықтың маған көбіне шағымданатын негізгі үш проблемасы бар ол - емханалардағы кезек, науқастарды қабылдайтын бөлмелердің жұмыс форматы және жедел жәрдем бригадасының жету уақыты. Бұл механизмдер бір-бірімен өзара байланысты. Бүгін өңірлермен 103 қызметін жетілдіру жұмыстарының өткен жыл бойынша қорытынды жиынын өткіздік. Жұмыс нәтижелерінің бірі ретінде емханалардың созылмалы ауруы бар емделушілермен жұмыстың жақсаруы. Оған дәлел созылмалы аурудың асқынуы бойынша жедел жәрдем көмегіне жүгіну динамикасының азаюы. 2018 жылдың соңында аталған мәселе бойынша жедел жәрдемді шақырту 584 743-ке дейін қысқарған», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің Фейсбук парақшасында.
Министрдің айтуынша, стационарлық қабылдау бөлімінде пилоттық жоба аясында жұмыс жасаудың жаңа форматы енгізілген. Атап айтқанда, мамандарды халықаралық стандарт бойынша оқыту, редизайн және қайта жөндеу жұмыстары, сол сияқты материалдық-техникалық жабдықтау базасының жетілдірілуі.
«2018 жылы жедел медициналық көмек көрсетудің екі деңгейлі моделін енгізудің нәтижесінде жедел жәрдемнің пациентке бару уақыты айтарлықтай қысқарды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2017 жылмен 2018 жылдың шілде айы аралығында жету уақыты 25 минуттан 18 минутқа дейін қысқарды. Ал 2018 жылдың соңында жылдамдық орташа есеппен 15 минут 42 секундты құрады. Тиісінше 103-ке қоңырау шалушылардың санымен қатар, кешігіп қызмет көрсетуде азайды», - деді министр.
Сонымен қатар, Е.Біртанов жедел жәрдем қызметін жетілдіру стандарттарының бірі ретінде «қоңырауды ұстап тұру» принципі бойынша жұмыс жасаудың енгізілетінін айтты. Ол дегеніміз қауырт жағдайда жедел жәрдем жетем дегенше 103 станциясының диспетчері зардап шегушіге халықаралық стандартқа сәйкес алғашқы көмек нұсқаулығын береді.