Елімізде жеке бронды қорғаныс құралдарының сынақ зертханасы құрылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жеке бронды қорғаныс құралдарының сынақ зертханасы құрылмақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір мемлекеттік органдар Қарағанды облысындағы «Steel Manufacturing» ЖШС қазақстандық патрон зауытының базасында жеке бронды қорғаныс құралдарының (бронды жилеттер мен дулығалар) сынақ зертханасын құру мәселесін пысықтап жатыр. Алдын ала талдауға сәйкес, серіктестіктің қолында бар инфрақұрылым (50 м, 100 м және 200 м-лік баллистикалық зертхана, зертханалық жабдықтар – сорғы шкаф, беріктілікті өлшеуге арналған аспап, РН өлшегіш, металлургиялық микроскоп, спектрометр және т. б.) үлкен қаржылық шығындарға жүгінбей-ақ жеке бронды қорғаныс құралдарының сынақ орталығын ұйымдастыруға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Оның дерегінше, аталған серіктестіктің инфрақұрылымы шамамен 100 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Бюджетті қалыптастыру рәсімін, жабдықты сатып алу және аккредиттеуден өту рәсімдерін ескере отырып, жобаны іске асыруға 2024 жылы кірісу жоспарланған», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар