Елімізде жердің мемлекеттік бақылауын жүзеге асыратын жер инспекторлары жетіспейді
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков осылай мәлім етті.
«Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылауды іске асырудың проблемалық мәселелері де жеткілікті. Біріншіден, штат мәселесі. Агенттіктің жалпы штат саны 206 адам ғана. Оның 177-ісі аумақтық органдарға тиесілі. Әкімшілік реформалар барысында 2007 жылы агенттіктің 14 облыс пен Астана және Алматы қалалары бойынша аумақтық органдары 7 өңіраралық жер инспекциялары болып қайта құрылған болатын. Осыған байланысты, мемлекеттік бақылаудағы іс-шараларды жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға ұрынып отырмыз», - деді Ө. Өзбеков.
Оның айтуынша, әр облыс бойынша инспекторлардың орташа саны 6 кісіден аспайды. Сонымен қатар инспекторларды көлікпен қамтамасыз ету мәселелері де дұрыс жолға қойылмай келеді. Инспекторлар қарамағында бар-жоғы 30 автокөлік болса, олардың жартысына жуығы жарамсыз.
«Мемлекеттік қызметкерлер санын азайтуға және бюджет тапшылығана орай, штат мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр», - дейді Ө. Өзбеков.