Елімізде ЖИТС-ке шалдыққан науқастар препараттармен толық қамтылған

Бұл туралы ҚР ДСӘД министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ Қазақстан АИТВ таралуы бойынша жаhандық бәсекеге қабілеттік индексі рейтингісінде 45-тен 1 орынға көтерілген. Дегенмен шетелдерден келген мигранттарды ретровирусқа қарсы терапиямен қамтамасыз ету мәселесін заңнама деңгейінде шешу керек.
Сонымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни есірткі тұтынушыларына, коммерциялық секс өкілдеріне, гомосексуалдарға қатысты жұмыстар жүргізілуде. Ең алдымен алдын алу бағдарламалармен қамту үшін аталған топтардың нақты санын анықтау қажет делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл - шприцтер мен инелерді ауыстыру; опиоидты орын алмастырушы терапияны қолдану арқылы нашақорлыққа тәуелділіктен емдеу; АИТВ-ке қатысты тестілеу және кеңес беру; қауіп-қатерді төмендету үшін ақпараттандыру, білім және кеңес беру; жынысқаппен қамтамасыз ету. Көрсетілген іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп іске асырылады. АИТВ-пен өмір сүретін азаматтар арасынан аутрич қызметкерлер жұмылдырылады. Ақпараттандыру шаралары жалғасады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктемесі бойынша Қазақстан АИТВ/ЖИТС індетінің шоғырланған сатысында (орташа әлемдік көрсеткіш 1,1 % болғанда халықтың 0,2 %-ы). Халықаралық сарапшылардың бағалау деректері бойынша Қазақстанда АИТВ ауруы бар тұрғындардың саны 16 мың адамды құрайды, бұл тіркелгендердің санынан 2 есеге жуық артық. АИТВ жұқтырғандардың жалпы санының шамамен 1/4-ін құрайтын АИТВ жұқтырған әйелдердің саны өсуде. 2008 жылы жүкті әйелдер арасында АИТВ жұқпасының жиілігі 2005 жылдан бастап жыл сайын 0,01 %-ға арта отырып, 0,07 %-ды құрады, бұл АИТВ-ның анадан балаға берілу ықтималдылығын арттырады. Сонымен қатар, халықтың АИТВ/ЖИТС туралы хабардар болуының төмендігі осы патология бойынша жағдайдың нашарлауының нақты қауіптілігіне ықпал етеді.