Елімізде жоғары деңгейлі «Алтын сапа» байқауына дайындық жұмыстары жүріп жатыр

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметтерінше, аталмыш кездесулер барысында «Алтын сапа» байқауын ұйымдастырушылар биылғы жылғы конкурс пен оның аясында ұйымдастырылатын «Қазақстанның үздік тауары» атты көрме байқауының ерекшеліктерімен және жаңалықтарымен таныстырмақшы. Семинарда сондай-ақ қазақстандықтарға теникалық реттеу мен менеджмент, Бірыңғай экономикалық кеңестікті құру мен Кедендік Одаққа қатысты түйткілді мәселелер жөнінде де кеңірек түсінік беріледі.
Аталмыш шараны ұйымдастыруға Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу мен метрология комитеті департаментінің облыстық департаменттері мұрындық
болып отыр. Оған сондай-ақ облыстық әкімдіктер де қолғабыс етуде. Семинарлар осы уақытта Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Орал, Павлодар қалаларында ұйымдастырылып үлгерді. Ал шілденің соңына дейін шара еліміздің барлық аймақтарында өтеді. Семинардың күн тәртібі бойынша, Техникалық реттеу мен метрология комитетінің, облыс әкімдіктерінің, Қазақстанның стандарттау мен сертификаттау және Метрология институттарының сондай-ақ Ұлттық аккредитациялау орталығының өкілдері сөз сөйлейді. Семинардың басты мақсаты қазақстандық нарықты жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз етіп, мемлекеттік органдар мен өндіріс компанияларының, коммерциялық және қоғамдық ұйым өкілдерінің назарын сапа мәселесін шешуге жұмылдыру болып табылады.