Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет – Президент

«Дамыған демократиялық қоғам құру дегеніміз айқайлап ұрандату, бірден нәтижеге қол жеткізу емес, дәйекті және жүйелі жұмыс жүргізу екенін түсінуіміз керек. Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет. Бүкілхалықтық референдум жаңа әділетті Қазақстанды құрудың маңызды бастамасы болмақ», – деді ҚР Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде.
Президент қолға алған реформалардың табысты болуы оларды жүзеге асыруға барлық азаматтың қалай атсалысатынына тікелей байланысты екеніне назар аударды.
«Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана елдің нақты жаңғыруын және прогрессивті дамуын қамтамасыз ете аламыз. Алдағы референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес, шын мәнінде оның бастамасы екенін атап өткім келеді. Жұмыс енді ғана басталып жатыр, өйткені өмірдің өзі және азаматтардың қажеттіліктері бізге жаңа міндеттер жүктейді. Саясатта шалт қимылға жол берілмейтінін, ең күрделі геосаяси жағдайларда ол жойқын зардаптарға, деградацияға, тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін қаперде ұстау керек. Біз осындай тар жол, тайғақ кешуде әр қадамымызға байыппен қарауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.