14:13, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Елімізде жүлде қоры аса қомақты «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурс жарияланды
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мәдениет және ақпарат министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» атты ұлттық конкурс жариялады.
Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Конкурстың мақсаты ? отандық композиторлар мен драматургтердің шығармашылығын қолдау, республикамыздағы драмалық және опералық театрлардың репертуарларын Тәуелсіз еліміздің жетістіктерін паш ететін қазақ елі авторларының жаңа туындыларымен толықтыру. М. Құл-Мұхаммедтің айтуынша, конкурс әрқайсысына үш жүлделі орын тағайындалатын алты аталым бойынша өткізіледі. Олар: ең үздік опералық туындылар; ең үздік балет туындылары; ең үздік драматургиялық туындылар; ең үздік камералық музыка туындылары; ең үздік қазіргі заманғы әндер: ең үздік балаларға арналған әндер. Атап өтерлігі, конкурсқа бұрын-соңды орындалмаған, жарияланбаған тың туындылар жіберілуі тиіс. Жоғарыдағы аталымдар бойынша конкурсқа қатысатын шығармалар 2009 жылғы желтоқсанның 1-не дейін қабылданады. Байқаудың қорытындысы желтоқсанның 7-де шығарылады. Үздік деп танылған шығармалар ақшалай сыйақы алып қана қоймайды, сонымен қатар олар еліміздің жетекші театрларында сахналанатын болады. М. Құл-Мұхаммедтің сөзіне қарағанда, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тіпті 1986-2006 жылдар аралығындағы 20 жылдың ішінде бірде- бір балет, бірде-бір опералық туынды жазылмаған. Тек 2006 жылдан бастап бұл бағытта аздап қозғалыстар болған. Конкурс осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Кез-келген, тіпті атақты театрлардың репортуарлары ылғи да жаңартып, толықтырып отыруды қажет етеді. Елбасы қазақ өнері бәсекеге қабілетті болуы үшін театрлардың репортуарларын жаңа туындылармен толықтыру жөнінде алдымызға мақсат қойып отыр. Ол үшін біз екі міндетті шешуіміз керек. Біріншісі, театрларымыздың репортуарларын әлемдегі ең озық туындылармен толықтыруымыз қажет. Екіншісі, Қазақстан композиторларын, драматургтерін жаңа шығармалар жазуға ынталандыруымыз керек. Осы екі міндетті шешетін болсақ, біздің театрларымыз әлемде бәсекеге қабілетті театрлардың деңгейіне көтеріледі. Бұл қазақ өнерінің абыройын әлемге асқақтатады деп есептеймін», - деді. М. Құл-Мұхаммед.
Оның айтуынша, ең үздік опералық туындылар мен ең үздік балет туындылары аталымдары бойынша 1-ші орын алған шығармаға - 4,5 млн. теңге, 2-ші орынға - 3 млн. теңге, 3-ші орынға - 1,5 млн. теңге; ал ең үздік драматургиялық туындылар аталымы бойынша 1-ші орынды жеңіп алған шығармаға - 1,5 млн. теңге, 2-ші орынға ? 1,2 млн. теңге, 3-ші орынға - 800 мың теңге; ең үздік камералық музыка туындылары аталымы бойынша 1-ші орынға - 500 мың теңге, 2-ші орынға - 400 мың теңге, 3-ші орынға - 300 мың теңге, ал ең үздік қазіргі заманғы әндер және ең үздік балаларға арналған әндер аталымдары бойынша 1-ші орынға - 300 мың теңге, 2-ші орынға - 250 мың теңге, 3-ші орынға 200 мың теңге сыйақылар беріледі. Конкурстың шарттары жөніндегі материалдарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтынан (www.mki.gov.kz ) көруге болады. Сондай-ақ байқаудың шарттары еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.