Елімізде жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың жалпы саны 378 мың адамды құрайды - Г. Әбдіқалықова

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдын ала деректер бойынша, оқу орындарының 191,4 мың түлегі еңбек нарығына келеді.


 Елімізде жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың жалпы саны 378 мың адамды құрайды - Г. Әбдіқалықова
Бұл туралы бүгін 2009 жылдың бірінші тоқсанына арналған Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылдың төртінші тоқсанынан бастап еңбек нарығындағы ахуал біршама нашарлап кетті. 2008 жылдың қазан-желтоқсан айларында жұмыспен қамтылған халықтың саны 126,2 мың адамға қысқарды, ал жұмыссыздардың саны 12,6 мың адамға көбейді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында олардың саны тағы 30 мың адамға өсіп, сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша 589,6 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 7 пайызға дейін көтерілді», деді министр. Оның айтуынша, азаматтарды қызметпен ішінара қамту кеңінен таралуда. 2009 жылғы наурыздың 15-інде қызметкерлердің жалпы саны 245 мың адамды құрайтын 642 кәсіпорын өндірісті толық немесе ішінара тоқтатқан. 87,3 мың адам жұмыс уақытын толық емес режимде істеуде немесе жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында жүр. Министрлік жергілікті атқарушы органдардың дағдарысқа қарсы бағдарламаларының негізінде жұмыспен қамту картасын әзірлегенін жеткізген Г. Әбдіқалықова, «алдын ала деректер бойынша, оқу орындарының 191,4 мың түлегі еңбек нарығына келеді. «Нұрлы көш» бағдарламасы негізінде 50 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Тұтастай алғанда елімізде жұмысқа орналастыруды қажет ететін азаматтардың жалпы саны 378 мың адамды құрайды», деді.