Елімізде жұмысшылардың құқықтары заң жүзінде өте жақсы қорғалған, бірақ келіспейтін тұстары бар - ғалым пікірі

АСТАНА. 17 ақпан. ҚазАқпарат - Елімізде жұмысшылардың құқықтары заң жүзінде өте жақсы қорғалған, бірақ келіспейтін тұстары бар.

Елімізде жұмысшылардың құқықтары заң жүзінде өте жақсы қорғалған, бірақ келіспейтін тұстары бар - ғалым пікірі

Бұл туралы бүгін елордада «Әлеуметтік-еңбек жанжалдары: оларды реттеудің формалары мен әдістері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ғазизат Имақова айтты.

Оның пайымынша, еліміздегі өндіріс саласының даму қарқыны алда келе жатыр, ал осы салаларда орын алатын еңбек дауына қатысты жайттарды келіссөздер арқылы шешуі мәселесі кенжелеп отыр. Дегенмен, бұл ретте өткен жылы қабылданған «Медиация туралы» заңда еңбек дауы кезінде туындаған келіспеушіліктерді шешудің негізгі принциптері мен келіссөздерді үйлестіру, келістіру шаралары қаралған. «Бірақ өкінішке орай бізде әлі күнге дейін қоғамдық ғылымдар осыған ере алмай келе жатыр. Егер де ғылым мен қолданбалы тәжірибе арасындағы іс-әрекет байланысы тығыз болғанда бұған біздің әлеуетіміздің жетуі мүмкін еді», - деді ол.

Сонымен қатар Ғ.Имақованың атап өтуінше, қазіргі уақытта қоғамдық ғылымдар мен өндірістік салалар арасындағы экономикалық мүдделерді, жұмысшы мен жұмыс берушілерді келіспеушіліктерді шешуде заңда жүйеленген нормаларды пайдалану әлеуеті кемшін түсуде.

«Өкінішке орай, шын мәнінде жұмысшылардың құқықтары заң жүзінде өте жақсы қорғалғанымен іс жүзінде оның өте көп келіспейтін жағдайлары бар. Жалпы заң мен іс-жүзіндегі ара қатынас өте алшақ болып тұр. Бұл қоғамның саяси әлеуетінің, саяси сауаттылық дәрежесінің сәйкестенбеуінен орын алған мәселе», - деді ғалым.