Елімізде жыл басынан бері 2699 сәби шетінеген
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Биылғы қаңтар-маусымда АХАТ органдарында 187,4 мың (181,7 мың) жаңа туған сәби тіркелді, бұл былтырғы қаңтар-маусымға қарағанда 3,1 пайызға артық деген сөз.
Статистика агенттігінің ақпараты бойынша, 1000 адамға шаққандағы туудың жалпы коэффициенті 22,4 нәрестені құраған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смаилов мәлімдеді.
Ал қайтыс болған адамдар саны қаңтар-маусым айларында 72,5 мың адамды құрады. Бұл былтырғы қаңтар-маусымға қарағанда 2,8%-ға (74,6 мың) аз.
2012 жылдың қаңтар-маусымда республикада 1 жасқа дейінгі 2699 нәресте өлімі тіркелді. Былтырғы қаңтар-маусымда мұндай қайғылы оқиға саны 2817 болған еді. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде былтырғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны 4,2%-ға азайғандығы көрінеді.
«Нәресте өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар деп айтуға болады, одан 2012 жылдың қаңтар-маусымында 1574 нәресте өлген. Бұл нәрестелер арасындағы өлім-жітім жағдайының жалпы санының 58,3% пайызын құрап отыр. Туа біткен ауытқулардан өлгендер саны 529 яғни 19,6%, тыныс органдары ауруларынан 194 (7,2%) және жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан 110 сәби (4,1%) шетінеді», деп атап өтті Ә. Смаилов.