Елімізде жыл соңына дейін 453 шақырымдық жол пайдалануға беріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың соңына дейін Қазақстанда nf5s 453 шақырымдық жол ашылады. Бұл туралы 2018 жылдың жұмыстары қорытындыланған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 2018 жылы 426 шақырым жолды пайдалануға беріп, одан бөлек 453 шақырым жолда қозғалысты ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 1535 шақырым жол жөндеуден өткен. Олардың 64 шақырымына күрделі жөндеу, 1471 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазавтожол биыл жалпы ұзындығы 3471 шақырым болатын 19 жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 13 жоба (1 487 шақырым) және қарыз қаражаты есебінен 6 жоба (1984 шақырым) іске асырылу үстінде.
2018 жылы реконструкциялау бағдарламасына бірқатар ірі нысан енген болатын. Оның ішіне Павлодар-Семей арасындағы 42 шақырымдық учаске, Көкшетауға кіре беріс (4 шақырым), Ақтау-Бейнеу (60 шақырым), Қордай асуын айналып өту және Орал-Тасқала аралығындағы 213 шақырым, Алматы - Талдықорған учаскесі (261 шақырым) енеді. Сонымен қатар, жолдардың бойында 360-тан астам су өткізуші құбыр мен 10 шақырым қар ұстайтын қоршау орнатылып, барлық жоспарланған жұмыстар толығымен аяқталған.
Қабылданатын жобалармен қатар Бейнеу - Ақжігіт, Щучинск - Зеренді және Таскескен - Бақты жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол жолдарда осы жылдың өзінде көлік құралдарының қозғалысына ішінара рұқсат етілсе, 2019 жылы жұмысты толық аяқтау жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үшарал-Достық жобасын іске асыру биыл басталады. Ал 2019 жылы Үшарал қаласынан Ақши кентіне дейінгі бірінші учаскеде қозғалысты ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Қазавтожол облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Осылайша, бүгінгі таңда 1 859 қызмет көрсету нысанының 818-і Ұлттық стандарттарға сәйкестендірілген.
Негізгі ресурстар халықаралық транзиттік дәліздерді дамытуға, шекаралық инфрақұрылымды жетілдіруге және туристік бағыттарды дамытуға бағытталған.