Елімізде жыл соңына дейін төрт жеңіл өнеркәсіп нысаны ашылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара барысында ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков жыл соңына дейін елімізде 4 жеңіл өнеркәсіп нысаны ашылатынын жеткізді.

Елімізде жыл соңына дейін төрт жеңіл өнеркәсіп нысаны ашылмақ

«ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері жеңіл өнеркәсіп саласында 15 кәсіпкерлік ашылып, биылғы жылдың соңына дейін оған тағы 4-еуі қосылмақ», - дейді Б.Қасымбеков.

Комитет төрағасының айтуынша, жеңіл өнеркәсіпте 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік жұмыс істейді. Соның 97%-ы - шағын және орта кәсіпкерлік. Ондағы саны 12 мыңнан асып жығылатын жұмыскерлердің басым бөлігін әйел адамдар құрайды, деп хабарлайды strategy2050.kz.

«Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі шығаратын өнімінің 51%-ы текстильді бұйымдар болса, 42%-ы киімдерге, ал 7%-ы былғары мен оған қатысты өнімдерге тиесілі», - дейді өнеркәсіп саласының басшысы.

Қазақстан Республикасының текстильді саласының шикізаттық базасы мақта мен жүн екені анық. Б.Қасымбековтың айтуынша, 2008-2013 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіпте қосылған құны жоғары өнімдер экспорты құндық мәнде 2,4 есеге, яғни 39,3 млн. АҚШ долларынан 95 млн. АҚШ долларына дейін өсті.